Created with Sketch. Created with Sketch.

TSOY: «Трендтерге ілесу — менің мақсатым емес»

TSOY: «Следовать трендам — это не мое»

TSOY — осы төрт әріптің үйлесімінде танымал орындаушы Анатолий Цойдың жеке жобасы жатыр.

Ол осы жылы «Не больно» әнімен жеке шығармашылығын бастады және ол әнді таныстыру үшін Анатолий туған елі Қазақстанға келді. Біз әртіспен MEGA Alma-Ata сауда-ойын сауық орталығындағы Korean House мейрамханасында кездестік — әңгіме оның шығармашылығының жаңа деңгейі, теледидар, стиль мен туған еліндегі болжаушылар туралы өрбіді.

— Сен Алматыға өзіңнің жеке әніңмен таныстыру үшін келдің. Шоу-бизнестің құрылымын дұрыс түсінсем — топпен келісімшарт жасаған әртістер жеке жобаларын бастай алмайды. Сен бұған қалай қол жеткіздің, мұндай карт-бланш қалайша орын алды?

— Егер шоу-бизнес туралы айтатын болсақ, бұған қолжеткізу шынымен мүмкін емес. Бірақ біздің продюсеріміз бірегей адам: Константин Меладзе — жаны жайсаң адам, ол нағыш шығармашылық үшін жұмыс істейді, ол үшін біздің дамығанымыз маңызды. Мен бала кезімнен үлкен әртіс болуды армандаймын, бірақ топта өнер көрсетемін деп ойламаппын. Мен MBAND бөлігі болғаныма еш өкінбеймін, бұл тамаша мектеп, мен үшін жақсы және басқа да жігіттер үшін тамаша трамплин болды, бұл кезең әлі аяқталған жоқ - менің топтан кететін ойым жоқ. Бірақ жеке шығармашылығым, жеке жобам — менің арманым. TSOY жобасы топпен қатар құрылды және оның бастамасы жаман емес. Біз көптеген жақсы пікірлерді естіп жатырмыз, менің жеке өнер көрсетуіме алғашқы тапсырыстар түсіп жатыр. Бұл мені де, Костяны да ойландырды — демек, бұл бастаманың әлеуеті жақсы және оны жалғастыру керек. Сондықтан келесі жыл менің жеке әртіс ретінде қалыптасуыма жақсы жыл болайын деп тұр.

— Бірақ былайша қарағанда, сенің жеке әндерің сол стильде жазылған, сен басқа музыкалық бағытқа кеткен жоқсың, имиджіңді өзгерткен жоқсың. Саған жеке шығармашылық не береді, оның дамуы неде?

— Өзімнің алғашқы «Не больно» деген әнімді мен украиндық композитор Артем Скороходпен бірігіп жаздық. Бұл менің жеке шығармашылығым, оған мен өзімнің бөлшегімді бергендеймін. Менің ойымша, менің әндерім топтың әндеріне қарағанда ересектеу сияқты. Бұл жаман да емес, жақсы да емес, бұл менің сезімім. Мүмкін жасыма сай болған соң шығар (ал мен, MBAND тобындағы жігіттердің ішінде ең үлкенімін) менің музыкам сәл ересектеу. Біздің топтағы жұмыстарымыз трендке кіреді, бұл қазіргі заманға сай әндер. Өзімнің әнімді мен сәнді деп санамаймын. Мен жалпы ешқашан — киімде болсын, музыкада болсын, іс-қимылымда болсын сәнге сай болуды мақсат тұтқан емеспін. Мен үнемі сәнге айналған сленгтерді соңғы болып естимін: ол тез пайда болады да, тез жоғалады… Подъездің жанындағы әжейдің «Хайп деген не сөз?» деп сұрағаны сияқты, мен де — барлық жаңалықтарға соңғы болып енемін. Сондықтан трендтерге ілесіп жүрудің маған сай емес екенін түсіндім.

TSOY: «Следовать трендам — это не мое»

— Өткен жылы сен «Саранхэ» атты үздік ойын-сауық бағдарламаң үшін ТЭФИ сыйлығын алдың, «Полтора корейца» атты Ютуб-жобаңды белсенді іске асырдың. Шығармашылықтағы осы бағыттар сен үшін қаншалықты қызық?

— Мен перфекционистпін, егер жобаның болашағы бар екеніне көзім жетсе, оның дамуы үшін соңына дейін күресуге дайынмын. Барлығы 2016 жылы досымыз екеуіміздің TSOY brand киімдер желісін іске қосудан басталды. Мен осы мәселе жайында продюсеріме айттым, «Костя, өзімнің жеке киімдер желісін іске қосқым келеді, бұл менің арманым» деп едім, ол маған: «Маған жеңіл жейде тігіп бересің бе?», — деді. Мен оған бір-екі худи тігіп бердім, біреуінде «Меладзе» деп жазылған және Meladze music таңбасы бар, біреуінде «Продюсер» деп жазылған. Оларды үйде киеді деп ойлаймын.

Сосын Ютуб-каналмен іс басталды, сонымен қатар маған «СТС-медиа» ұсыныс жасады. Олар жаңа шоу шығарып, маған оның жүргізушісі болуға ұсыныс жасады. Шоуды — декорациялардың барлығын, атауын арнайы мен үшін шығарды — «Саранхэ» корей тілінен аударғанда «Мен сені жақсы көремін» дегенді білдіреді. Бұл мен үшін жаңа тәжірибе болды, және маған қатты ұнады. Бағдарлама сәтті болды, бірақ біздің ТЭФИ сыйлығын алғанымыз — нағыз күтпеген жағдай болды. Жаңа бағдарлама, жас жүргізуші, алғаш рет номинацияланып, ресей теледидарындағы ең танымал сыйлықты иеленді. Марапаттау сәтінде мен шығамын деп ойламаппын: залда жеңімпазды атайтындығын күтіп отырдым, соның барлығын телефонға түсірдім, Малахов немесе тағы басқа біреу алады деп ойладым. Қазір жеңімпазды атаған кезде камераны өзіме қаратып, «Алғашқы тәжірибем, мен номинацияға іліктім, жаман емес», — деп айтамын деп ойлап отырдым.

— Үйде дайындалдың ба?

— Иә, осының барлығын түсіріп, әлеуметтік желіге салу туралы ойлағанмын. Сөйтіп күтпеген жағдай орын алып, «Саранхэ», Анатолий Цой, — деді! Осы сәтте мен масайрап қалдым. Сахнаға шығып сөз сөйлеу керек болды, ал мен дайындалған жоқпын. Нәтижесінде, басқа бағдарламаны атайды деп ойладым, бірақ біз жеңдік дедім. Бұл өте қызықты және жағымды сәт болды. Мені содан кейін жарты жыл құттықтады. Аға буынды танымал әртістердің барлығы — Николай Басков, Филипп Бедросович Киркоров, Лолита Милявская. Себебі олар мұның қаншалықты маңызды сыйлық екенін және менің оны алуымның қаншалықты мәртебе екенін түсінеді. Мен ол мүсіншені сақтап қойдым, ол менің өмірімде маңызды рөл атқарады.

TSOY: «Следовать трендам — это не мое»

— Сен «Полтора корейца» жобасын не үшін құрдың? Сен үшін, табысты танымал әртіс үшін Ютубқа кіріп, Инстаграмда вайндарды түсірудің қаншалықты қажеті бар?

— «Полтора корейца» — бұл лақап ат, бұл атауға досым Валентин екеуіміз мектепте жүргенде ие болдық. Бұл екеуімізге ортақ атау болатын. Валентин — жартылай кәріс, мен таза кәріспін, сөйтіп бір жарым болдық. Біз әрқашан бірге болғанбыз, қазіргі таңға дейін доспыз. 2015 жылы біз өзіміздің алғашқы влогымызды түсірдік. Ол тым әсіреленіп түсірілген еді, нағыз біздің жан-күйімізді көрсете алған жоқ - себебі біз қарапайым жігіттерміз, қарапайым жанұядан шықтық, бізге әсіреленіп көкіректену жат іс. Нәтижесінде, бейнені ешкімге көрсетпей, өртеп, бұл туралы ұмыту керек деп шештік. Бір жылдан кейін біз осы идеяны жаңғыртып, влогты қайырымдылықпен біріктіреміз деп шештік. Ол кезде бізді көбісі қолдады, біздің алғашқы кейіпкеріміз Вера Брежнева болды. Сосын біз осы саладағы көптеген адамдармен танысып, достасып, коллаборацияларды жасай бастадық, сөйтіп Қазақстанға шықтық. Бұл біздің туған еліміз, бұл жердегі біздің көрермендеріміз белсенді. Біз өте жақсы адам Диана Лалетинаны таптық, ол біздің Қазақстандағы директорымыз, ол сондай-ақ @yuframe командасының және елдегі көптеген танымал блогерлердің де директоры. Оның арқасында біз қазақстандық блог саласындағы көптеген қызықты тұлғалармен танысып, қазір доспыз. Менің ойымша, біз дұрыс бағытта келеміз, және тіпті бизнестің тұрғысынан қарамағанда да. Мүмкін біз Ютубта қалай ақша табу керектігін дұрыс түсінбейтін шығармыз, бірақ біз мұны ләззат алу үшін істейміз және мен бұл жобаларды мақтан тұтамын.

— Біздің еліміздегі адамдардың бір ерекше қасиеті бар: біз шет елде танымал болып, табысқа жеткен отандастарымызды қатты жақсы көріп, олардың жеткен еңбегін өзімізге қосып аламыз. Сен «Бұл біздің қазақстандық баламыз Толик қой» деген сөздерді естігенде қандай әсерде боласың? Өзіңнің ішкі геотегің қандай?

— Кезінде менің Қазақстаннан Мәскеуге көшуім өте қиын болды. Бастапқыда мен оны жоспарлаған емеспін, өмір бойы осы жерде тұрамын деп ойладым, бұл менің туған жерім. Және көшкеннен кейін алғашқы жылдары менде аздап реніш пайда болды. Тіпті өзім үшін емес, өз елінде қалыптаса алмаған, қолдау таппаған жастар үшін. Сосын олар елден кетіп, танымал болып, өз елдерінде қажет және аса сүйікті болды. Мұндай жағдайдың болатындығы туралы маған алғаш Батырхан Шүкенов айтқан болатын. Ол кісі менің Мәскеуге көшуіме қатты әсерін тигізді. Мен қатты қиналдым, көптеген күдіктер болды, жан-жақтан маған: «Сен ол жақта кімге керексің, ол жақты сен сияқты дарындылар миллион…» деп жатты. Осындай сөздерден кейін күдіктерің ұлғая береді. Менің өмірімнің осы кезеңінде біз Батырхан екеуіміз бір корпоративте жұмыс жасап жүргенбіз, ол маған: «Күдіктенбе, дегеніңе жет, өз еліңді ұмытпа. Бірақ сен ол жақта танымал болған кезіңде, бұл жақта сені жақсы көріп, құрметтей бастайды», — деді. Жалпы ол кісінің айтқаны келді. Мен осы ұлы адамға қатты ризамын, ол дуалы сөзімен менің жиналып, осы күрделі қадамды жасауыма көмектесті.

Қазіргі таңда мен өз-өзімді жеңдім, «Бұл біздің қазақстандық жігіт қой!», — дегенде мақтан тұтамын. Сол сияқты Мәскеуге келіп, өзінің мақсаттарына қолжеткізген басқа жастарды да мақтан тұтамын. Өткен жылы барлығы Назима туралы білді. Біз 10 жылдан астам уақыт таныспыз, екеуіміз де Алматыда тұрдық, ән айтып, табысқа жетуге тырыстық, бірақ өкінішке орай, ол кезде мұны ешкім бағалаған жоқ. Дарындылардың кетіп жатқаны өкінішті-ақ, бірақ мен мұның бір кездері өзгеретініне сенемін. Қазақстандық шоу-бизнестің негізі тойда екеніне барлығы үйреніп қалған, бірақ уақыт өте оның жаңа деңгейге шығуы керек. Менің арманым — қазақстандық және ресейлік орындаушылар қатысатын Қазақстанда мықты музыкалық фестиваль ұйымдастыру. Мұндай фестивальдер Латвияда, Әзірбайжанда бар. Мысалы, әзірбайжандық «Жара» фестивалінің арқасында бүкіл ресейлік шоу-бизнес Бакуда болып қайтты, осы елмен танысып, жақсы көріп қалды. Біздің олардан қай жеріміз кем? Музыканың арқасында біз өзіміздің табиғатымызды, мәдениетімізді, қонақжайлылығымызды көрсетіп, адамдарды Қазақстанмен таныстырып, оларды біздің елге ғашық ете алады.

TSOY: «Следовать трендам — это не мое»

— Екеуіміз сауда орталығында отырғандықтан, киім мен шопинг туралы сұрамауға болмас. Сенің өз брендің бар, сені Ресейдің ең стильді әртістерінің бірі ретінде таниды. Анатолий Цойдың стилі қалай пайда болды? Ішкі түйсігіңмен бе немесе біреудің басшылығымен бе?

— Бұл мектеп кезінде орын алған жағдай болатын. Мен жоғарғы сыныптарда оқып жүрген кезімде ерлердің арасында жарқын киімдерді, тесілген джинсыларды кию үрдіске айналмаған еді, барлығы бірқалыпты, сенімді, ыңғайлы киінетін. Мен бұл жүйеге қарсы шығып, қызғылт жеңіл жейде киіп, джинсыларды тесіп, мектепке баратынмын. Сол кезеңде мен неге ерлерге арналған сәнді және стильді киімдер жоқ деп ойлайтынмын. Бұл әділетсіздік деп санадым. Соның нәтижесінде 2016 жылы осы ойым TSOY Brand деген жеке киімдер брендіне айналды. Бастапқы старт табысты болды, себебі біздің киімімізді сатып алғысы келетін дайын үлкен аудиториямыз болды. Бастапқыда бренд ерлерге арналған болатын, бірақ тұжырымдамамыз сатылымның басталған күнінен кейін — ақ өзгерді. Алғашқы күні біз шамамен 2 000 жеңіл жейде саттық және оның тек біреуін ғана ер адам сатып алды, қалған 1 999 сатып алған — жанкүйер қыздар болды. Келесі күні мен досым және бизнес-әріптесіме унисекс киімін шығару керектігіміз туралы айттым. Қазір біз түрлі киімдерді тігеміз — жеңіл жейделерді, спорттық костюмдерді, триколарды, тіпті бір әйелдерге арналған көйлек тіктік, ол тез арада сатылып кетті, бірақ біз бұл модельді қайталаған жоқпыз. Қазір TSOY Brand компаниясының жаңа кезеңі басталды — біз өзгеріп, ауқымымыз кеңейіп, келесі жылы бүкіл Ресей бойынша дүкендерді ашуды жоспарлап отырмыз.

— Сенің жеке стилің қалай өзгерді? Сен қызғылт жеңіл жейделерден қазіргі таңға дейінгі жолыңды қалай өттің?

— Уақыт өте мен жарқын түсті киімдерден алыстап, қара түстерді ұнаттым. Бір кездері менің бүкіл гардеробым қара түске айналды, арасында ақ, қою көк, қоңыр түсті киімдер сирек кездеседі. Жарқын түстерден мен өзіме тек аяқ киім мен шұлықтарды қалдырдым. Бірде мен Кореяға ұшып, дүкендердің бірінен костюммен киетін жарқын түсті шұлықтардың бір бөлімін таптым. Мен 20 жұбын сатып алдым, сол уақыттан бері классикалық костюмдермен мен әрқашан қызықты өрнектері, суреттері бар жарқын түсті шұлықтарды киемін.

— Сен киімдерді қайдан сатып аласың, нақты ұнататын қандай да бір брендтерің бар ма?

— Барлық айлығымды киімге жұмсаған кезеңдерім болды, нағыз киім құмар болдым, Prada, Gucci сияқты брендтердің киімдерін сатып алдым… Әр адам осы кезеңнен өту керек деп ойлаймын. Қазір мен тек өзіме ыңғайлы, ұнайтын киімдерді ғана сатып аламын. Бұл кейде өте қымбатқа, кейді тіпті арзанға түседі. 1 000 рубльге жеңіл жейде ұнаса (шамамен 6 000 теңге — ред.ескерт.), мен оны сатып алып, жыл бойы киіп жүре аламын. Қазір мен ұқыпты болдым, киімге көп ақша жұмсағым келмейді. Бірақ аяқ киімге қомақты қаржы жұмсай аламын, ішінара, кроссовкаларға. Бұл балалық шақтан қалған комплекс: 13 жасымда мен алғаш рет Nike сатып алдым, олар сэконд-хэндтен алынған еді. Мен оны 17 жасыма дейін кидім — бастапқыда олар маған үлкендеу еді, мен ішіне бірнәрсе тығып қоятынмын. Бұл атақты кроссовкалар менің барлық достарымның есінде. Сол уақыттан бастап мен осы брендті жақсы көріп қалдым және бірінші мүмкіндігімді пайдаланып Мәскеуде Nike-пен келісімшарт жасадым. Жақында санап көрсем — үйімде кроссовкалардың 50 астам жұбы бар екен. Сондай-ақ әр жарты жыл сайын мен 10 жұпты әкеме, ағама, күйеу балама беремін. Біздің аяғымыздың өлшемі бірдей, сондай-ақ, мұншалықты аяқ киімді мен киіп үлгермеймін. Бірақ бір кроссовканың жұбы бар, ол мен үшін баға жетпес қымбат: бұл модельді Nike зауытында менің дизайныммен жасап шығарды, мен тіпті жіптерінің түсін де таңдадым. Мен оларды қорапта мұқият сақтап қойдым, Майкл Джексон сияқты танымал болған кезімде немерелерім оны аукционда сататын болар.


Сұхбат: Антонина Кукаева
Сурет: Алексей Попов
Шашты сәндеу: Viva сұлулық салоны
Образдар: Emilio Guido ерлерге арналған киім дүкені
Сұхбат өткізуге көмек көрсеткені үшін Korean House мейрамханасына алғыс білдіреміз