Created with Sketch. Created with Sketch.

Нұрлан Смағұлов дағдарыс жағдайында қалай әрекет етеді

Astana Group иесі Forbes.kz порталына эксклюзивті сұхбат берді.

Нұрлан Смағұлов дағдарыс жағдайында қалай әрекет етеді

F: Нұрлан Еркебұланұлы, осыдан үш жыл бұрын теңге долларға шаққанда шамамен екі есе құнсызданды. Бұл сіздің кәсібіңізге қалай әсер етті?
— Егер MEGA-орталықтары туралы айтатын болсақ, біздің келушілеріміз ғана емес, қазақстандықтардың көпшілігі үнемдеу режиміне көшті және өз шығындарының баптарын қайта қарады. Олар бюджеттік брендтерге басымдық жасап, сатып алу мәселесіне келгенде ақылға салып шешім қабылдайтын болды.
2015 жылдың қыркүйегінде девальвациядан кейін MEGA-орталықтарға бару 10−15% төмендеді. Психологиялық фактор әсер етіп, адамдардың ақша жұмсауға көңіл-күйлері болмады. Алайда бұл бірнеше айға ғана созылып, 2015 жылдың желтоқсанында келім толығымен қалпына келді. Ал 2016−2017 ж.ж. ол 20% өсті.

F: MEGA СОО-да орташа чек төмендеді ме?
— Қазақстандықтардың сатып алу қабілеті де күрт төмендеп, бұл орташа чекке әсер еткені рас, ол 20%-ға қысқарды. 2016 жылы бұл көрсеткіш девальвацияға дейінгі деңгейге жетті, ал 2017 жылы 25%-ға өсті. 2018 ж. Теңге бойынша орташа чек 20%-ға өсті.

F: Осыны ескере отырып, сіздің пікіріңізше, теңгені еркін жүзуге жіберу дұрыс па еді?
— Бұл дұрыс па, жоқ па мен ештеңе айтпай-ақ қояйын. Бірақ 2014 жылдың соңында Қазақстан теңгенің рубльге қатысты әлсіреуін үйлестіре алмауы, тұтыну нарығына, соның ішінде автокөлік нарығы үшін қатты әсер етті. Есіңізде болса, 2014 жылдың соңында — 2015 жылдың басында Ресейден Қазақстанға 200 мыңнан астам автокөлік әкелінді: рубльдің құлдырауынан Ресейде көліктер екі есе арзандады. Егер біз 2014 жылы 155 мың машина сатсақ, 2015 жылы — 88 мың. Яғни, сату екі есеге кеміді.
2015 жылмен салыстырғанда, 2016 жылы көлік сату 73,6%-ға қысқарып, 41,1 мың машинаны құрады. Бүгінгі таңда нарық әлі де тәуірленген жоқ, бірақ 2017 жылдан бастап, біз тұрақты өсімді байқаймыз, ол 2016 жылға қарағанда 19% құрған. Әзірше нарықтың толық қалпына келді деу ерте, себебі, өткен жылы республикада 49 мың автокөлік сатылды. 2017 жылмен салыстырғанда, 2018 жылы сату өсімі 65 мың көлікке дейін жетіп, өсім 30% асады деп болжанып отыр.

F: Қазір кейбір экономистер теңге бағамын қайта ұстап тұру керек дегенді айтады.
— Девальвацияның өзі ешқашан жағымды құбылыс болған емес, әсіресе, импорттаушылар үшін. Өйткені, Қазақстанның барлық тұтыну нарығы — таза импорт. Теңгенің әлсіреуі бағамдық айырмадан пайда табатын экспорттаушыларға тиімді. Бірақ мұның бәрі тұтынушыларға ықпал етеді. Импорттық тауарлар, соның ішінде автомобильдерге баға өсіп келеді. Тіпті, Қазақстанда жиналған көлік жиынтықтары да валютаға сатып алынып, бағаны ұстап тұру үшін біздегі қазақстандық мөлшер жеткіліксіз.
Алайда осыған қарамастан, біз валюталық ауытқулар мен Қазақстанға ресейлік тауарлардың өктемділігін тудыратын рубльмен үйлесімсіздікті болдырмау үшін экономикалық себептер бойынша теңгенің өзгермелі бағамын қабылдауға тиіспіз.

F: Ұлттық валютаның әлсіреуі сіздің даму жоспарларыңызға теріс әсер етті ме?
— Біз нарықтан ерекшеленеміз. Astana Group іс-әрекеттерін экономикадағы жалпы үрдіс ретінде қабылдамаңыз, алайда біз девальвацияға мүмкіндіктер мен экспансия кезеңі ретінде қараймыз. Себебі, дағдарыс кезінде нарық ойыншыларының бәсекеге қабілеттілігі төмендеп, нарыққа «кіру билетінің" құны құлдырайды және біз осыны пайдалана отырып, бос орынды толтырамыз. Мәселен, біз дағдарыс кезінде Астанада MEGA Silk Way орталығын аштық, H&M және Starbucks брендтерін әкелдік. Айтпақшы, осы бизнестің иелері ҚР нарығына франшизасыз тікелей кірген болатын.
Astana Motors компаниясының қоржынын кеңейтіп, Jaguar, Land Rover және Volvo сатуға құқық алып, автоорталықтарды салудамыз. Нарықта брендтердің ротациясы үнемі болып тұрады — кейбір брендтер әлсіз дилерлерден кетіп, бізге жүгінеді.
Біз үшін дағдарыс — бұл серпіліс уақыты, өйткені, «бұлыңғыр» жылдары жер қымбат, сондықтан оны автоорталық құрылысы үшін сатып алу қиынға түседі; ірі ретейлерлерді шақыру мүмкін емес.
Бірақ біз тек девальвация немесе дағдарысты күтіп отырамыз деп ойлап қалмаңыз — бұл кезеңдерде бізде де барлық көрсеткіштер төмендейді, алайда, біз нарықта 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеміз, мен өзім 90-жылдардың басында бизнеспен айналыса бастадым. Сондықтан да әрбір құлдыраудан кейін өрлеудің болатынын білемін.

F: Дегенмен, 2015 жылғы девальвациядан кейін сізге Шымкент, Ақтөбе және Астана қалаларындағы үш сауда орталығын сатуға тура келді.
— Мен оларды бәрібір сатар едім, бұл дағдарысқа байланысты емес. Біз сапалы өсуді қалаймыз. Біз — жылжымайтын мүлікті жинайтын рантье емеспіз. Сондықтан, өсім әлеуетін танытпайтын сауда орталықтарын сатып, жаңа дүние жасауға шешім қабылдап, көлемі 140 мың шаршы метрге тең MEGA Silk Way орталығын салдық. Бұл барлық сатылған үш СОО-ның жиынтық ауданынан да артық.
Айтпақшы, бір кездері ауыл шаруашылығы секторындағы барлық компанияларды сатқанбыз. Біз макарон фабрикаларын, диірмендерді салдық. Біз алғаш рет Қазақстанға ангустарды (асыл тұқымды мал) әкелдік. Қазіргі заманғы жабдықтарды әкеліп, нағыз новаторларға айналдық. Ал осы іске адамдар көптеп келе бастағанда, біздің осы кәсіпке деген көңіліліміз суып кетті. Astana Motors компаниясы да брендтер қоржынын қысқартты. Мысалы, Nissan дилерлігінен бас тартты. Қорытып айтқанда, кәсіп күнделікті кертартпа іске айналғанда, біз одан шығамыз.
Мен атмосфералық бизнеспен айналысуды ұнатамын, бірақ бұл үлгі баршаға қолайлы бола бермейді. Көбісі бұл дұрыс емес, ең алдымен, бизнесті табыс көзі ретінде қарастыру керек деп айтар. Мүмкін, оларыдікі дұрыс та шығар, бірақ біздің компаниялар басқаша құрылған және жаттанды нәрселерге, таптаурындарға қарамастан, олар табыс әкеліп отыр.
Есесіне біз айшықты жобалармен айналысып отырмыз. Astana Group бұдан кішірейген де емес, қызықсыз болып қалған да емес. Қазір, мысалы, MEGA Alma-Ata орталығында жаңа 15-залдық Chaplin кинотеатрын салудамыз. Оның ашылуы 2018 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Онда үлкен эстрадалық алаңы бар киноконцерт залы; жастықтары мен ойыншықтарға толы балаларға арналған зал болады. Сол жерде жаңа фуд-корт тұрғызамыз.
Тамыз айының ортасында MEGA Park орталығында нағыз кәсіби гимнастика залын аштық. Айтпақшы, әлеуметтік спорт аймақтарын құру — біз үшін жаңа тренд. Жалпы, біз үнемі даму үстіндеміз.

F: Қазір сауда ойын-сауық орталықтарын сату жоспарда жоқ па?
— Жоқ, біз қызықты нысандарды сақтап қалдық. Мысалы, шілде айында MEGA Park орталығына 850 мың адам келді. Жақында бұл көрсеткішті 1 млн. дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл керемет жайт, өйткені, мұнда осыған дейін сквер де, саябақ та болмаған. Біз тарихи өнеркәсіптік аймақтан оазис салуға инвестиция саламыз. Бір кездері біз дәл осы ауданда ешкіммен бәсекелеспей-ақ сауда ойын-сауық орталығын құруға болады деп шешім қабылдағанбыз. Бүгінде адамдар бұған ризашылықпен қарайды.
MEGA Alma-Ata бойынша мен болашақты болжаудан қорықпаймын — осы орталықпен біз 12 жылдық межеден өтіп, өсуді, қайта құруды, жаңартуды жалғастырып келеміз. Тағы 12 жылдай уақыт осы жерде жұмыс істей тұрамыз.
MEGA Silk Way — өте қызықты нысан, мұндағы келушілер саны үнемі өсіп келеді. Шілде айында бұл көрсеткіш айына 1,1 млн адамға жетті. Менің ойымша, ол 20−25 жыл бойы сұранысқа ие болмақ.

F: Ал сан жағынан кеңейту мәселесін қарастырып отырсыз ба?
— Әзірге біз тек Алматы мен Астанада жұмыс істейміз деп шештік. Алайда өңірлерден ұсыныстар көптеп түседі.
Алматыда тағы бір «Меганы» салудың мәні жоқ, онда біз өзімізбен бәсекелесуді бастаймыз. Қазір біз басқа нарықтарға көбірек зер салып, форматымыз көрші елдерде сұранысқа ие болуы мүмкін деген ойдамыз.

F: Сауда орталықтарында адамдар қолжетімді брендтерге ден қоя бастады. Ал автокөліктер туралы не айта аласыз?
— Орташа чек әрбір брендте төмендеді. Егер бұрын Toyota сатылымдары бойынша Land Cruiser бірнеше жыл бойы көшбасшы ретінде танылса, қазір бестселлер — Camry. Hyundai брендінде де қымбат үлгілер бірінші орынға ие болмас. Бірақ люкс брендтеріне девальвация әсер ете қоймас. Өйткені, бұл тар сегмент халықтың 1−3% ғана сұранысқа ие. Олар автокөліктерді тұрақты түрде сатып алып отырады.
Алайда, дағдарыс кезінде Astana Motors компаниясы trade-in бойынша табысқа қол жеткізе бастады. Осыдан үш жыл бұрын біз осы бағдарлама бойынша машиналарды сатпасақ, 2018 жылдың тек шілде айында ғана 220 автокөлікті саттық, ал жалпы осы жылдың ішінде trade-in бағдарламасы бойынша 2200 көлікті сатуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні жалпы сату көлемінің 25%-ы ұсталған көліктердің сатылымына тиесілі және біз бұл көрсеткішті 40% жеткізуді көздеп отырмыз.
Сондай-ақ, Astana Motors брендтер қоржынын одан әрі дамыту және кеңейту бойынша үнемі жұмыс үстінде. Бізді, ең алдымен, танымал және табысты маркалар қызықтырады.

F: Дағдарыс кезінде cіздің әлеуметтік жобаларыңыз қысқартыла ма?
— Біз көмек көлемін азайтпадық, тек акценттерді өзгерттік. Мысалы, енді көрмелерді Лондон мен Нью-Йорк қалаларында өткізбейміз — біз мұндай іс-шаралардан мүлдем бас тартуға шешім қабылдадық. Қазір біз Astana Pro Team кәсіби велокомандасын қолдауды тоқтатып, Vino — Astana Motors құрлықтық велокомандасын қолдауға көбірек көңіл бөлудеміз.
Сондай-ақ біз девальвациядан кейін Қазақстанның балалар үйлері мен балалар ауылдарына бірнеше микроавтобус сыйлап, Жезқазғандағы «Аналар үйін» қолдап, ARTиШОК театрының жаңа сахнасын салуға көмектесіп, Алматы тұрғындарына Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайына бір ай тегін кіру мүмкіндігін сыйладық. Біз атаулы көмекке назар аудара отырып, қазақстандық жобаларды қолдауды күшейтеміз.
Біз үшін қайырымдылық — тұрақты іс: міндет болғандықтан емес, өз жауапкершілігімізді мойындап отырғандықтан, біз көмек беруді тоқтатқан жоқпыз және көмек беруді жалғастыра бермекпіз.

Автор: Виктор Бурдин
заместитель главного редактора сайта Forbes.kz